"Ақ жол" партиясы Президент сайлауына кандидаттарды қарастырып жатыр

665

Астанада "Ақ жол" демократиялық партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтіп жатыр. Жиында партия атынан Президент сайлауына қатысатын үміткер анықталады деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Ақ жол" партиясы Президент сайлауына кандидаттарды қарастырып жатыр

Әзірге партия өкілдері әзірге бір тоқтамға келген жоқ. Бұл туралы "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев мәлімдеді.

"Бұл бойынша ортақ келісімге келген жоқпыз. Шешімді қабылдауға тек съездің өзі құзіреті бар. Бұл мәселені көптің қарауына шығарайық деп шештік. Бір партия болғандықтан, арамызда түрлі пікір болса да, партиямыз атынан, құрылтай қабылдаған шешімді қабылдап, бәріміз бұл үміткерге қызмет етуге тиіспіз деп білемін", - деді Азат Перуашев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлау жариялағалы партия атынан 6 адам сайлауға түсуге ниет білдіріпті.

"Бұл 6 адамның біреуі – бизнесмен, біздің партия атынан қатысқысы келді, бірақ пленум оны қолдаған жоқ. Тағы бір кісі басында қатысамын деп, кейін райынан қайтты. Тағы бір адам ұлттық кеңесте ұсыныс жасалды, бірақ соңында бас тартты. Аяғында 3 үзеңгілесіміз партия атынан сайлауға қатысуға ниетті", - деді Азат Перуашев.

Үш үміткердің бірі – жетісулық журналист Сандуғаш Дүйсенова, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев және "Ақ жол" ҚДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, кәсіпкер Асқар Садықов. Әзірге әр өңірден жиналған жүзден астам съезд делегаттары үш үміткердің сөзін тыңдап, көкейтесті сұрақтарын қойып жатыр.

"Ұлттық кеңесте кей партияластарымыз Президенттің Павлодардағы жұмыс сапары кезінде айтқан сөзін, оның қоғамдық қозғалыстар атынан түсетінін естіп, Президентті қолдауды да ұсынды", - деді А.Перуашев.

Алдыңғы Президент сайлауында "Ақ жол" партиясы атынан (2019 жылы 9 маусым) Дәния Еспаева қатысқан. Қазақстан сайлау тарихындағы алғашқы әйел-кандидат сайлаушылар даусының 5,05 % жинағаны белгілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу