Акциздерден түскен табыс қайда жұмсалып жатыр? – Сергей Ершов

1082

Сенатордың пікірінше, акцизден түсетін салықтардың ашықтығын қамтамасыз ету керек.

Акциздерден түскен табыс қайда жұмсалып жатыр? – Сергей Ершов Фото: inbusiness.kz

Сенаттың жалпы отырысында депутат Сергей Ершов акциздердің өсуінен бюджетке қомақты табыс түсетінін, бұл қаражатты тұрмысын төмен қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға жұмсау керегін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Асқар Маминге жолдады. 

"Бірнеше жылда ЕАЭО аясындағы көптеген тауарға мөлшерлеме мен акциздерді үйлестіру барысында акциздік салық салу айтарлықтай өсті. Олардың қатарында бензин, дизель отыны, жеңіл автомобильдер, алкоголь және темекі өнімдері бар. Мысалы, бензинге акциз ставкасы 2 есе (10 мың 500 теңгеден 24 мың 435 теңгеге дейін), темекіге 10 есе (1 мың теңгеден 11 мың 100 теңгеге дейін) өсті", - деді Сергей Ершов 

Нәтижесінде бюджетке де қомақты салық түскен. Депутат бұл қаражат тұрмысы төмен тұрғындардың жағдайын жақсартуға, елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалуы керек деген пікірде.

"Акциздік мөлшерлеменің көтерілуінен отандастарымыздың материалдық әл-ауқатында айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Тек бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасы күрт көтеріліп жатыр. Мұнда "Акциздердің өсуінен түскен табыс қайда жұмсалып жатыр?" деген сұрақ туындайды", - деді сенатор.

Сергей Ершов бұл салық түсімінің нақты қалай пайдаланылатыны туралы қағида енгізуді ұсынды.

"Бұл осы қаражатты нақты алушыларға, яғни бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына және тиісті бағыттарға бөлуді көздейді, әрі қазіргі акциздік салық салу жүйесінің қаншалықты ашық жұмыс істеп жатқанын анықтауға мүмкіндік береді", - деді Сергей Ершов.

Айта кетейік, осыған дейін Ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиев
тек темекіге акциз бағасы өсуінен жыл сайын бюджетке 20 млрд теңгеден аса қаражат түсетінін айтқан еді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу