Әкімдіктердің инфляцияны төмендету бағытындағы шаралары жеткіліксіз - Бектенов

299

Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында инфляция ең көп өскен. 

Әкімдіктердің инфляцияны төмендету бағытындағы шаралары жеткіліксіз - Бектенов Фото: primeminister.kz

Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында тұрған өте маңызды міндет – инфляциялық қысымды төмендету. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ды құрады. Биыл Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр. Күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай, бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп. Демек, бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екендігін көрсетеді", - деді Үкімет басшысы.

Сөзінше, өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркеліп отыр.

"Серік Мақашұлы (ред. – Премьер-Министрдің орынбасары), егер өңірлер жергілікті жерде инфляцияны төмендету бойынша қажетті шаралар қабылдамаса, тиісті шешім қабылдау үшін маған дереу баяндауыңызды сұраймын. Осы бағыттағы жұмыста тұрақтандыру қорлары, форвардтық және оффтейк-келісімшарттар, өнім құнын арзандатуды субсидиялау, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектілерімен келісімдер жасау сияқты пәрменді тетіктерді белсенді пайдалану керек. Сонымен қатар импортқа тәуелді өнім өндірісін кеңейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажет", - деп жалғастырды ол.

Олжас Бектенов инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу