Ақмола облысының Ақкөл қаласында Қазақстан Республикасы Құрылтайының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты әскери бөлімнің жаңғыртылу барысымен және әскери қызметшілерге жасалған жағдайлармен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы, генерал-майор Арман Қалиев пен әскери бөлім командирі Болатхан Смағұлов атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Олар бөлімнің қызметі, сарбаздардың даярлығы және әскери қалашықты жаңарту нәтижелерін таныстырды.
Депутаттар казармаларды, қызметтік және тұрмыстық бөлмелерді аралап, әскери қызметшілердің күнделікті өмірі мен демалысына арналған жағдайларды көрді.
Сондай-ақ мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың тұрмыс-тіршілігіне басымдық берілді. Халық қалаулылары жауынгерлермен жүздесіп, олардың қызметі, жауынгерлік дайындығы және тұрмыс жағдайы туралы сұрады. Бұдан бөлек, асхана жұмысымен танысып, сарбаздарға ұсынылатын тағамдардан дәм татты.
ТЖМ әскери инфрақұрылымды жаңарту, әскери қызметшілерге қолайлы жағдай қалыптастыру және азаматтық қорғау бөлімшелерінің төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру жұмыстарын одан әрі жалғастырмақ.