Ақмарал Әлназарова Ташкентте астан уланған балалардың жағдайы туралы айтты

564

Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Ақмарал Әлназарова Ташкентте астан уланған балалардың жағдайы туралы айтты Фото: primeminister.kz

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ташкентке жарысқа барып, астан уланған қазақстандық спортшы балалардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біз Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжановпен байланыстамыз. Балалардың жағдайы біздің тарапымыздан да онлайн бақылауда деп айтсақ болады. Олардың бүгінгі таңда алып жатқан емі біздің хаттамамызға сәйкес келеді. Балалардың жағдайы тұрақты. Бүгін вице-министр онлайн режимде жиын өткізіп, әр баланың денсаулығына қатысты ақпаратты алып отыр. Балаларды тасымалдау немесе Қазақстанға әкелу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ", – деді Ақмарал Әлназарова Үкіметтегі брифингте.

Министр тиісті мәселе көтерілсе, ведомство дайын екендігін айтты.

"Бірінші сәттен бастап Шымкент қаласы мен Түркістан облысында төсек қоры жасақталды, дәрігерлер мен қажетті дәрі-дәрмек бар. Балалар тамақтан уланған. Өзбек тарапы бұл мәселе бойынша қосымша зерттеулер жүргізіп жатыр", – деді ол.

ДСМ басшысы балалардың өміріне ешқандай қауіп жоқ екенін баса айтты.

Айта кету керек, бұған дейін Қазақстанның Өзбекстандағы консулы астан уланған футболшы балалардың жағдайымен танысқанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу