Ауыр қылмыс жасады деп айыпталған күдікті бір тәулікке жетпей Ақмола облысы Целиноград ауданы Родина ауылының маңында ұсталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ІІМ мәліметінше, тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.
– Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу іс-шаралары жалғасуда, болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, – делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары күдікті заң аясында қатаң жазаланатынын атап өтті.
Айта кетейік, Ынтымақ ауылының 14 жастағы тұрғыны пышақ жарақатынан қайтыс болған. Оқиға 15 қарашаға қараған түні тіркелген. Құқық қорғаушылар дерек негізінде Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабы бойынша іс қозғады.