Ақмола облысында 2 теміржол вокзалы жаңғыртудан өтті

411

Аршалы және Сарыоба станцияларындағы ғимараттар жаңартылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды.

Ақмола облысында 2 теміржол вокзалы жаңғыртудан өтті Фото: gov.kz

Ақмола облысында Аршалы және Сарыоба станцияларының теміржол вокзалдары қайта жаңғыртудан өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазақстан темір жолы" мәліметінше, жұмыстар теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді. Негізгі мақсат – жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және вокзалдарда қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру.

Жөндеу барысында екі нысанда да шатыр жаңартылып, ғимараттардың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар су, кәріз, жылу және электрмен жабдықтау жүйелері жаңғыртылды. Вокзал маңындағы аумақ абаттандырылып, жолаушылар перрондары қайта қалпына келтірілді.

Нысандар заманауи жиһаздармен және қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды. Ғимараттардың қасбеттері талшықты цемент панельдерімен қапталып, ішкі жұмыстарда отандық өндірістің қауіпсіз әрі ұзақ мерзімді материалдары қолданылды.

Жолаушылардың қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне де ерекше мән берілді. Аршалы станциясының вокзалында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандус орнатылып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай жаңа эвакуациялық шығу жолдары жабдықталды.

1945 жылы салынған Аршалы вокзалының аумағы 150 шаршы метрден 225,33 шаршы метрге дейін ұлғайды. Қазіргі уақытта станция арқылы Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай қалаларына және Ресей бағыттарына қатынайтын 10 жолаушылар пойызы өтеді.

Ал 1938 жылы салынған Сарыоба вокзалының аумағы 208,7 шаршы метрден 225,33 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Бұл станция арқылы Астана, Павлодар, Қарағанды, Шымкент, Семей және Түркістан бағыттарына 10 жолаушылар пойызы қатынайды.

Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Аршалы және Сарыоба вокзалдары заманауи қауіпсіздік, энергия тиімділігі және жайлылық талаптарына сәйкестендірілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу