Ақмола облысының 65 жастағы мұғалімі интернет-алаяқтардың құрығына түсіп, 7,5 млн теңгесінен айырылды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ер адам өткен жылы шілде айында инвестициялық компания ретінде таныстырған интернет-платформалардың біріне тіркелген. Кейін оған "қаржы кеңесшілері" хабарласып, тұрақты табыс пен салымдардың тез арада өсетінін айтып, инвестиция салуға шақырады.
"Уәдеге сенген ер адам алаяқтар көрсеткен шоттарға тұрақты түрде ақша аударған. Жинағы таусылғаннан кейін, ол таныстары мен әріптестерінен қарызға ақша алған. Нәтижесінде ер азамат қылмыскерлерге 7,5 миллион теңге аударған. Тек біраз уақыттан кейін, ақшаны шығару мүмкін болмай қалғанда және "инвестициялық компанияның" өкілдері байланысқа шығуды тоқтатады", – деп хабарлады департамент өкілдері.
Ер адам осы кезде ғана алаяқтардың құрбаны болғанын түсінеді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір қылмысқа қатысы бар адамдар іздестіріліп жатыр.