Ақмола облысында 71 мыңнан астам тұрғын тұмауға қарсы екпе алды

484

Ақмола облысында тұрғындарға тұмауға қарсы екпе салу науқаны жалғасып жатыр. Қазіргі кезде 71 мыңнан астам тұрғынға вакцина егілді, деп хабарлайды inbusiness.kz денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.  

Ақмола облысында 71 мыңнан астам тұрғын тұмауға қарсы екпе алды Фото: inform.kz

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 73,7 миллион теңгеге тұмауға қарсы 73 138 доза "Гриппол Плюс" вакцинасы сатып алынған. Өңірде бұл вакцина 5 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Алайда, аталған мөлшер облыс халқының тек 9,8 пайызына жетеді. Сонымен бірге, қосымша тағы 2 500 вакцина сатып алынбақ.

Тұмаудың алдын алудың ең ұтымды жолы – вакцинация. Халық арасында тұмаудың жаппай таралуын болдырмау және организмде "иммундық қабат" құрылуы үшін жалпы халықтың кемінде 10 пайыз екпе алуы қажет. Вакцина тұмауға қарсы иммунитеттің жоғары деңгейін қалыптастырады.

"Қазірдің өзінде 71 361 мың ақмолалық тұмауға және маусымдық ауруларға қарсы екпе алды, оның 8 265-і – 2-10 жас аралығындағы балалар. Сонымен бірге, жабық үлгідегі мекемелерде (балалар үйі, мектеп интернаттары, балаларға/мүгедектерге арналған интернаттар) – 416 адам, 284 – жүкті әйел егілді, ал қарттар мен мүгедектер үйлерінің контингенті – 1 040, созылмалы аурулары бар ересектер – 21 342. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасады", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Ведомстводан атап өткендей, вакцинациядан кейінгі қорғаныс әсері, әдетте 8-12 күннен кейін пайда болып, 12 айға дейін сақталады. Адамның жас ерекшелігіне қарай вакцинациядан кейін тұмау вирусына қарсы антиденелердің қорғаныс титрлерінің деңгейі 75-95 пайыз болуы тиіс.

"Облыста есепте тұрған 73 138 адамның барлығы да екпе алуы тиіс. Бұл – созылмалы аурулары бар адамдар, медицина қызметкерлері және жүктіліктің 2-3 триместріндегі әйелдер, жабық мекемелердегі адамдар", - деп толықтырды басқарманың баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу