Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан Зеренді және Сандықтау аудандарына барып, өзен арналарының түбін тереңдету мен тазалау бойынша ауқымды жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Зеренді ауданында қазіргі таңда Шағалалы өзенінің арнасын тазалау және үш су жинақтаушы тоған салу жұмыстарының 98%-ы аяқталды. Қалған жұмыстар бойынша тоғандардың еңіс бөлігіне тас төсеу жүргізілуі тиіс. Жобаны "Qazaq Union" ЖШС "Демеу Қазақстан қоры" корпоративтік қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асыруда. Жоба аясында өзен арнасын 3,6 шақырымға тереңдету және түзу бағытқа келтіру, сондай-ақ суды жинақтауға арналған үш тоған салу көзделген. Жобаның іске асыру мерзімі – 17 ай, құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың желтоқсанында толық аяқталмақ.
"Ақмола су қоймалары" ШЖҚ КМК күшімен биылғы жылдың қыркүйек айында Зеренда кентінде ұзындығы 1400 метр, ені 6 метр және биіктігі 3 метр болатын қорғаныс білігі салынды. Табиғи қиыршық тас төселіп, ені 1,5 метр, биіктігі 3 метр сазды қабат орнатылды. Тіршілік аймақтарын абаттандыру, жаңбыр суын ағызу жүйесін орнату, су өткізгіш құбырлар төсеу, екі қабылдау тоғанын және екі айдау станциясын орнату жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, қуаты сағатына 140 м³ болатын үш су айдайтын насос сатып алынды.
Сандықтау ауданында Балкашино ауылы маңындағы Жабай өзенінің жағалау сызығы бойында арнаны түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары жалғасуда. Жобаны "Целингидротех" ЖШС жүзеге асыруда, қаржыландыру "Демеу Қазақстан қоры" есебінен қамтамасыз етілген. Жобаға сәйкес, Жабай өзенінің 5,2 шақырымдық бөлігінде арнаны түзеу және тазалау жүргізіледі. Бүгінде екі учаскеде арна түзетіліп, тереңдігі үш метрге дейін тереңдетілді, жалпы 52 гектар аумақта қамыс пен ағаш өсімдіктерінен тазалау жұмыстары атқарылды. Оң және сол жағалауда қорғаныс бөгеттері тұрғызылды. Жалпы орындалған жұмыстар көлемі – 95%, қазіргі уақытта өзен түбін земснарядтармен пысықтау аяқталуда.
"Жүзеге асырылып жатқан барлық жобалар өңір тұрғындарының қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл жобалар толық аяқталғаннан кейін су тасқыны қаупі айтарлықтай төмендеп, су ағынын реттеу жүйесі жақсарады", – деді облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.
Жалпы, өңірде "Демеу Қазақстан қоры" корпоративтік қорының қаражаты есебінен қаржыландырылып отырған алты су тасқынының алдын алу жобасы жүзеге асырылуда.