Ал жергілікті атқарушы органдар өлі балықтарды зертханаға тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақмола облысы Зеренді ауданы Айдабол ауылының маңындағы Жабай өзенінде балықтың жаппай қырылғаны туралы жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде хабарлады.
– Куәгерлердің айтуынша, су біртүрлі түске боялған және ерекше иісі бар. Бұл үлкен алаңдаушылық тудырады, – делінген видеодағы жазбада.
Ақмола облысының Экология департаменті өкілдері балық инспекциясымен бірлесіп 5 ақпанда өзен аумағына барып, су сынамасын алды.
– Жергілікті атқарушы органдар зертханаға беру үшін балық үлгілерін іріктеп алды. Жүргізілген талдау нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады. Сонымен қатар қосымша ақпарат жарияланады, – деп толықтырды экологтар.