Ақмола облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған тағы үш кабинет жұмысын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның екеуі Қорғалжын ауданында, біреуі Қосшы қаласында ашылды.
Жаңа кабинеттер жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті білім алып жүрген балаларға қолдау көрсетуге арналған. Мұнда олардың білім алуына, дамуына, әлеуметтенуіне және жеке қабілеттерін жетілдіруіне жағдай жасалған.
"Биыл облыстық бюджеттен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау бағытында 30 кабинетті ашуға 375 млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда оның 23-і ашылды, қалған 7 кабинет жақын арада ашылады", – деп айтты Ақмола облысы білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің бас маманы Мақпал Қалиякбарова.
Қазіргі уақытта облыста осындай 151 қолдау кабинеті жұмыс істейді. Онда 3 мыңға жуық бала қамтылған.