Ақмола облысында "Жақсы – Есіл – Бұзылық" автожолының 80–82 шақырымдарында Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, ұзындығы 255,4 метр көпір екі жолақты қозғалысқа арналған. Жоба II техникалық санаттағы жолдың 2,19 шақырымын қамтиды.
Көпірге кіреберіс жолдардың жалпы ұзындығы 1,9 шақырымды құрайды. Нысанда 510 метр жаяу жүргіншілер қоршауы және 1 930 метр тосқауыл қоршауы орнатылды. Оның 510 метрі көпірге, 1 420 метрі автожолға тиесілі. Сонымен қатар 15 жол белгісі қойылып, 2,19 шақырым жолға таңба түсірілді.
Жарықтандыру бағандарына арналған анкерлері бар 101 іргетас дайындалды. Қазір баспалдақтар мен олардың қоршауларын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нысанда 60 маман мен 22 жол-құрылыс техникасы жұмыс істеп жатыр.
Жаңа көпір Есіл өзені арқылы қауіпсіз әрі тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз етіп, республикалық маңызы бар жолдың осы учаскесіндегі қозғалыс жағдайын жақсартады.