Ақмола облысында "Халық заңгері" акциясы аясында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілді

391

Ақмола облысының Зеренді ауданында аудан әкімінің халықпен қорытынды кездесуіне орай "Халық заңгері" акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақмола облысында "Халық заңгері" акциясы аясында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілді

Шара барысында аудан тұрғындары мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдерінен, адвокаттар мен жеке сот орындаушыларынан тегін құқықтық кеңес алды.

Іс-шара "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында өткізіліп, халыққа заң көмегінің қолжетімділігін арттыруға, заңнама талаптарын түсіндіруге және азаматтарды толғандырған өзекті мәселелерді шешуге бағытталды.

Құқықтық кеңес беру алаңында прокуратура, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, адвокаттар мен жеке сот орындаушылары жұмыс істеді. Мұндай формат тұрғындарға өз мәселелерін тиісті сала мамандарына тікелей жеткізіп, нақты әрі кәсіби кеңес алуға мүмкіндік берді.

Қабылдау барысында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, заңнама нормаларын қолдану, атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өтініштер қаралды. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды.

Мамандар тұрғындарға интернет кеңістігінде жиі кездесетін алаяқтық схемалары туралы айтып, жеке деректерді қорғау, банк қызметтерін қауіпсіз пайдалану және онлайн операциялар кезінде сақтық шараларын сақтау жөнінде түсіндірді. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз тұлғаларға банк картасының деректері мен SMS-кодтарды бермеу қажеттігі ескертілді.

Зеренді ауданының прокуроры Дастан Асқар мұндай кездесулердің мемлекеттік органдар мен халық арасындағы ашық байланысты нығайтудағы маңызын атап өтті.

"Халық заңгер" акциясы – мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы ашық диалог орнатуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Оның аясында тұрғындар білікті заңгерлік көмек алып, өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша түсініктеме ала алады, сондай-ақ заңда көзделген құқықтарын қорғау тетіктерімен танысады. Біздің міндетіміз – халыққа құқықтық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етіп, туындаған мәселелердің уақытылы шешілуіне ықпал ету. Осындай кездесулер азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға да септігін тигізеді", – деді ол.

Акция нәтижесінде аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелер бойынша қажетті құқықтық түсініктемелер алып, тиісті мамандардан кеңес алды. Ал мемлекеттік органдардың өкілдері халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелермен танысып, оларды шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік алды.

Мұндай бастамалар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және "Заң мен тәртіп" қағидатын орнықтыруға ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу