Ақмола облысында прокуратура көмегімен қайтарылған активтер дәрігерлік амбулатория салуға бағытталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жарқайың ауданының прокуроры Олжас Уәлиев жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге Пятигорское ауылында салынып жатқан дәрігерлік амбулатория құрылысының барысымен танысты. Бұл нысан – прокуратура органдары мемлекетке қайтарған қаражат есебінен салынып жатқан әлеуметтік жоба.
"Амбулатория алты елді мекеннің 1800-ден астам тұрғынын алғашқы медициналық көмекпен қамту үшін салынып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 95%-ы аяқталған", – делінген прокуратура хабарламасында.
Ведомство дерегіне сәйкес, жоспар бойынша, нысан осы жылдың үшінші тоқсанында толық пайдалануға беріледі.