Ақмола облысындағы Макинск қаласының орталығында дрифт жасаған 30 жастағы жүргізуші әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Буланды аудандық сотында автожолда ұсақ бұзақылық жасаған қала тұрғынына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды. Ер адам автокөлігімен Макинск қаласының орталығында қар басқан жолда (көктайғақ кезінде) қауіпті маневрлер жасағаны анықталды. Ол көлікті бір жағынан екінші жағына қарай шайқап, орнында айналмалы қозғалыстар жасап, күрт бұрылыстар орындаған.
Сотта бейнежазбалар көрсетілді.
Айыпталушы А. кінәсін мойындамай, бұл әрекетті шиналардың жолмен ілінісуін тексеру мақсатында жасағанын түсіндірді. Алайда сот бұл уәжді назарға алмады.
"Қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сот әкімшілік жазаның неғұрлым қатаң түрін тағайындады. Сот қаулысымен А.-ға 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Сот актісі заңды күшіне енді", – деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.