Ақмола облысының Біржан сал ауданының тұрғыны көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан мас күйде рөлге отырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін ол 2031 жылға дейін көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған. Алайда бұл шектеуге қарамастан, алкогольдік масаң күйде автокөлік басқарған.
Сот отырысында аудан прокуратурасы мемлекеттік айыптауды қолдап, ер адамның кінәсін дәлелдеді.
Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Нәтижесінде оған 10 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Прокуратура көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның мас күйде қайтадан рөлге отыруы қылмыстық жауаптылыққа әкелетінін ескертті.