Ерейментау ауданында мас күйінде көлік жүргізген 43 жастағы ер адам жол апатынан кейін басқа жүргізушіні бұрағышпен қорқытқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оған қатысты екі қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Оқиға Ерейментау қаласындағы Абылай хан көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ВАЗ-2107 және Toyota Camry көліктері соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасынан кейін ВАЗ жүргізушісі көліктен шығып, қолына бұрағыш алып, екінші жүргізушіні күш қолданумен қорқытқан. Жәбірленуші полиция шақырған.
Оқиға орнына келген полицейлер 43 жастағы жүргізушінің мас болғанын анықтады. Сонымен қатар, оның бұған дейін мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды.
Осыған байланысты полиция екі сотқа дейінгі тергеу бастады. Бірі – күш қолданумен қорқыту фактісі бойынша, екіншісі – көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның мас күйінде көлік басқаруы бойынша.
Қазір қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша заңға сәйкес шешім қабылданады.