"Қазпошта" акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында жаңартылған бөлімдер ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Аталған бөлімдерде тұтынушылардың қаржылық қызметтері, сəлем-сауқат супермаркеті сияқты бірнеше қызметтер көрсетіледі. Жаңа бөлімдердің ашылу салтанатына қатысқан облыс əкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов "Қазпошта" - ауыл тұрғындарына үздіксіз қызмет ететін жалғыз компания екендігін, жұмысын заман талабына сай құрып отырғандығын айтып, жаңа бастамаға сəттілік тіледі.
"Қазпошта" акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Бағдат Мусиннің айтуынша жыл соңына дейін 400 бөлім жаңартылмақшы. Сəлем-сауқат супермаркеті əзірге еліміздің 13 аймағында бар екен. Ақмола облысында жаңа қызмет Шортанды, Ақкөл жəне Көкшетау қалаларында жұмыс істейді.