Бестөбе кенішінде екі ер адам үйінді астында қалып қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Бестөбе кеніші опырылып, екі ер адам қаза тапты. Марқұмдардың бірі – 38 жаста, ал екіншісі – 21 жаста болған.
"Полиция қызметкерлері, тергеу тобы және құтқару қызметтері оқиға орнына дереу жіберілді. Шұғыл құтқару жұмыстарынан кейін марқұмдардың денелері табылып, жер бетіне шығарылды", – деп хабарлады ведомство.
Степногор полиция бөлімі бұл оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 269-1-бабының 3-бөлігі (қорғалатын нысанға заңсыз кіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды және оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Бейресми дереккөздерге сүйенсек, марқұмдар компания қызметкерлері емес.