Ақмола облысында сталкинг жасаған ер адам сотталды

92

Сот ер адамға 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.

Ақмола облысында сталкинг жасаған ер адам сотталды Фото: nippon.com

Ақмола облысының Сандықтау аудандық соты сталкинг дерегі бойынша істі қарап, айыпталушыға 100 сағат қоғамдық жұмыс пен алты айлық шектеу шарасын тағайындады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сот алдында жергілікті тұрғын жауап берді. Тергеу мәліметінше, ол ажырасқаннан кейін бұрынғы жұбайының қарым-қатынасты тоқтату туралы шешімімен келісе алмай, әйелді жүйелі түрде аңдып жүрген.

Сот анықтағандай, 2025 жылдың маусым айынан бастап ер адам бұрынғы әйелін үнемі іздеп, онымен кездесуге тырысқан. Ол әйелдің үйі мен жұмыс орнының маңында күтіп тұрған, көшеде соңынан ерген, телефон арқылы қайта-қайта хабарласып, түрлі хабарламалар жіберген. Кейбір хабарламаларда балағат сөздер мен қорлау сипатындағы сөздер болған. Бұдан бөлек, ол кейде әйелдің үйіне келіп, терезеден ішке қараған, - делінген соттың хабарламасында.

Жәбірленуші сотта тұрақты қудалау салдарынан қорқыныш пен үрей сезінгенін айтты. Оның айтуынша, бұл жағдай психологиялық қысымды күшейтіп, өз қауіпсіздігімен қатар балаларының қауіпсіздігі үшін де алаңдауға мәжбүр еткен. Соның нәтижесінде әйел полициядан көмек сұраған.

Сот отырысы барысында ер адамның кінәсі оның өз мойындауымен қатар жәбірленуші мен куәлардың айғақтары, полиция қызметкерлерінің рапорттары, сондай-ақ хабарламалардың скриншоттары мен аудиожазбалар арқылы дәлелденді.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.

Сонымен қатар сот алты ай мерзімге арнайы мінез-құлық талаптарын белгіледі. Аталған кезеңде ер адамға бұрынғы жұбайымен кез келген байланыс жасауға тыйым салынды.

Бұдан бөлек, оған алкогольдік ішімдік ішуге де тыйым салынды және ай сайын профилактикалық әңгіме өткізу үшін полицияға барып тұру міндеттелді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу