Ақмола облысында су тасқыны дронның көмегімен бақыланады

169

Жабдықтар Атбасар және Ақкөл қалаларында, Ескі Қалқұтан, Талапкер, Қоянды ауылдарында және Жібек Жолы поселкесінде орнатылған.    

Ақмола облысында су тасқыны дронның көмегімен бақыланады Фото: gov.kz

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен "Біртұтас дрон инфрақұрылымы" жобасы қаралды. Оның аясында дрондарды пайдаланып, су тасқыны жағдайын мониторингтеу жүйесін енгізу механизмі жүзеге асырылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жоба туралы облыстық су тасқыны алдын алу комиссиясының отырысында облыстың цифрландыру басқармасының басшысы Мағжан Ержан егжей-тегжейлі баяндады.

"Дрондарды орнатудың негізгі мақсаты – су тасқыны қаупі бар аймақтарды күнделікті мониторингтеу, қауіп-қатерді жедел анықтау және өзекті ақпаратты облыстық су тасқыны штабына уақытылы жеткізу. Талдау нәтижелері бойынша облыстың 11 ауданында су тасқыны қаупі бар 18 нүкте анықталды", – деді Мағжан Ержан.

Жабдықтар Атбасар және Ақкөл қалаларында, Ескі Қалқұтан, Талапкер, Қоянды ауылдарында және Жібек Жолы поселкесінде орнатылған. Ұшулар штаттық режимде жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта жабдықтарды Дамса ауылында және Макинск қаласында орнату қолға алынды. Қосымша ретінде су тасқынына қарсы іс-шаралар шеңберінде Tasqyn ақпараттық жүйесі қолданылады, ол су тасқынының дамуын болжауға мүмкіндік береді.

Барлық ақпарат ТЖД жедел штабына беріледі, ал Digital Aqmola орталығы Ақмола облысының басшылығы үшін үйлестіру алаңы ретінде анықталды.

"Жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже – қауіп-қатерлерді уақытылы анықтау және алдын алу шешімдерін қабылдау арқылы төтенше жағдайлар қаупін азайту. Орталықтандырылған мониторинг жедел әрекет етуге және басқарушылық шешімдерді нақты уақыт режимінде қабылдауға мүмкіндік береді", – деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар  қатысқан ведомстволар басшылары су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізгені туралы есеп беріп, "Қазгидромет" орталығының болжамымен және техниканың дайындық дәрежесімен танысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу