Көкшетау қаласында әдеп жөніндегі уәкілдер мен комплаенс-қызметтердің қызметкерлеріне арналған алғашқы оқыту семинары өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың 200-ден астам өкілі қатысты. Жоба "Esti Urpaq – Саналы ұрпақ" бастамасы аясында ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрқат Батырқұлов комплаенс-қызметтердің тиімділігі ең алдымен мамандардың кәсіби даярлығына байланысты екенін атап өтті.
– Әдеп жөніндегі уәкілдердің міндеті – құқық бұзушылықтарды тіркеумен ғана шектелмей, ұжымда заң мен әдеп нормаларын сақтау табиғи құндылыққа айналатын орта қалыптастыру. Комплаенс мектебінің ашылуы мамандардың білімін жүйелеп, өз міндеттерін сапалы атқаруға қажетті құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді, – деді Нұрқат Батырқұлов.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Райхан Братаева бүгінде әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметі кеңес беру бағытына көбірек басымдық беріп отырғанын айтты.
– Қызметкерлердің қандай да бір құқықтық немесе этикалық мәселе туындағанда, заң бұзушылыққа жол бермей тұрып қажетті түсіндіру жұмыстарын алу мүмкіндігі болуы маңызды. Семинар барысында берілген білім жергілікті жерлерде бұл жұмысты тиімді ұйымдастыруға септігін тигізеді деп сенеміз, – деді ол.
Семинардың тәжірибелік бөлімін комплаенс саласының сарапшылары Ерасыл Жәрдемов пен Ерлаз Жайықбаев жүргізді. Олар ұйымдардағы ішкі бақылау тетіктерін, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау әдістерін түсіндіріп, қатысушыларға қолданыстағы үдерістерді бағалауға арналған практикалық құралдарды таныстырды.
– Комплаенс жүйесі алдын алу қағидатымен жұмыс істегенде ғана тиімді болады. Біз қатысушыларға ұйым қызметіндегі осал тұстарды дер кезінде анықтап, оларды жоюға мүмкіндік беретін нақты құралдарды ұсындық, – деді Ерлаз Жайықбаев.
Семинар соңында сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар сарапшылармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды күнделікті қызметте қолданудың практикалық қырларын талқылады. Оқу қорытындысы бойынша тыңдаушыларға сертификаттар табысталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектебінің жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Жыл соңына дейін өңірдегі шамамен 300 ұйымды қамтитын бірқатар оқыту семинарларын өткізу жоспарланып отыр. Бұл әдеп пен комплаенс мәселелеріне жауапты мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуда бірыңғай тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.