Ақмола облысында "Степногорск – Заводская" автожолындағы көпірлердің бірінде екі көлік соқтығысып, бірі суға батып кетті. Көлікте жүргізушімен бірге иті болған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оқыс оқиға "Степногорск – Заводская" автожолының 6-шақырымында болған.
Облыстық полиция департаментінің дерегінше, 59 жастағы Opel Isuzu Monterey автокөлігінің жүргізушісі Ақсу өзені арқылы өтетін көпірде Volkswagen Transporter автокөлігімен соқтығысқан.
"Апат салдарынан opel көлігі жолдан шығып, өзенге батып кетті. Төтенше жағдайлар басқармасының құтқарушылары көлікті судан сағат 10:40-та алып шықты. Көлікте жүргізуші мен иті болған. Олар араға 4 сағат салып табылды", – деп хабарлайды ведомство.
Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар жасалып жатыр.