Ақмола облысының Аршалы ауданында "Астана–Қарағанды" бағытымен келе жатқан жүк локомотивінің машинист отыратын кабинасында өрт шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Ведомствоның мәліметінше, өрт жүк локомотивінің машинист кабинасында тұтанып, қызыл жалын 15 шаршы метр аумақты шарпыған.
– Локомотив "Астана–Қарағанды" бағытымен келе жатқан. Өрт Астана қаласының өрт сөндіру пойызының күшімен толықтай сөндірілді. Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, тексеріс жүргізілуде.