Қалада бұршақ жауып, оның кесірінен жолдарда қозғалыс қиындады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желі қолданушылары тосын табиғат құбылысына таңғалып, пікірлерін бөлісті.
"Ауа райына қараңыздаршы – қардай бұршақ. Бұл "Астана – Бурабай" трассасында түсірілген. Мұндай болады деп кім ойлаған, 2025 жыл ғой!" – деп жазды тұрғындардың бірі.
"Қазгидромет" РМК Ақмола облыстық филиалының мәліметінше, осы күні өңірдің солтүстік және шығыс бөлігінде қатты жаңбыр, бұршақ жауып, жел күшейетіні туралы алдын ала ескерту жасалған болатын. Сондай-ақ, түнде найзағай ойнайтыны да хабарланған.
Ауа райының қолайсыздығы жол-көлік оқиғасына себеп болды. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, сағат 13:09 шамасында "Hyundai Tucson" автокөлігінің жүргізушісі Көкшетау бағытымен келе жатып, арақашықтықты сақтамаған әрі бұршақ пен жауын салдарынан рөлге ие бола алмай, алдындағы "Volkswagen Polo"-ға соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан "Volkswagen Polo"-ның жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді. Ал "Hyundai Tucson" жүргізушісіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы бойынша хаттама толтырылды.