Ақмола облысында демалыс күндері патрульдік полиция экипаждарының жұмысы күшейтіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полиция жол қауіпсіздігімен қатар, заңсыз жолаушы тасымалдаушыларды анықтауға да назар аударып жатыр.
Полицияның мәліметінше, заңсыз такси қызметін пайдаланған кезде жолаушылар үшін қауіп туындауы мүмкін. Мысалы, жүргізушінің мас күйінде көлік басқаруы немесе жолаушыларды тасымалдауға қажетті құжаттарының болмауы ықтимал.
Осындай жағдайлардың бірі Астана–Атбасар–Жақсы–Рузаевка–Сарыкөл–Қостанай автожолының 334-шақырымында анықталған. Патрульдік полиция қызметкерлері Toyota Alphard көлігін тоқтатып, салонда екі жолаушы болғанын анықтады. Жүргізуші оларды 35 мың теңгеге тасымалдаған. Алайда оның жолаушылар тасымалымен айналысуға қажетті құжаттары болмаған. Жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері Ақмола облысында такси қызметін заңсыз көрсетудің 643 фактісі анықталған. Осы кезеңде такси қатысқан екі жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Полиция тұрғындарға такси таңдаған кезде тасымалдаушының заңды жұмыс істейтініне назар аударып, кездейсоқ көліктерге отырмауға кеңес берді.