Ақордада Президенттің атынан ауызашар берілді

976

Бұл туралы inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ақордада Президенттің атынан ауызашар берілді Фото: t.me/aqorda_resmi

Ауызашарға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дәрігерлер мен мұғалімдер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, мәдениет қайраткерлері, құтқарушылар мен еңбек адамдары шақырылды.

Мемлекет басшысы қасиетті Рамазан айымен құттықтап, бұл күллі мұсылман қауымы үшін ерекше уақыт екенін атап өтті.

"Баршаңызды қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын. Ораза қабыл болсын! Рамазан айы – күллі мұсылман қауымы үшін ерекше уақыт. Жамағат осы айда ізгі амалдар жасап, мол сауапқа кенеледі. Біз былтыр Ақордада алғаш рет арнайы дастарқан жайып, ауызашар бердік. Бұл бастама өз жалғасын табуда. Бүгін менің атымнан әрбір облыста жұртшылыққа ауызашар беріліп жатыр",- деді Президент.

photo

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев елде болып жатқан реформалар жайлы сөз қозғады.

"Қазақстан – өз геосаяси аймағында осындай ауқымды реформалар жасап жатқан бірден-бір ел. Жаңартылған Конституция және елімізде болып жатқан өзгерістер – осының айқын дәлелі. Біз осы реформаларды, жалпы айтқанда, осы саясатты міндетті түрде жалғастырамыз. Алдымызда тұрған негізгі мақсат – егемендігімізді нығайту және ұлттық мүддемізді қамтамасыз ету. Сондықтан еліміз халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде жалғастыра береді, сыртқы саясатымыз әрдайым дербес болады. Біз мұның бәріне мызғымас бірліктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Қандай қиын болса да, бұл жолдан таймауымыз керек. Алға қарай қадам бассақ қана, жолымыз ашық болады. Осылайша, Қазақстан, шын мәнінде, өркениетті, жасампаз және озық ел болмақ", - деп атап өтті.

photoМемлекет басшысының айтуынша, қазақтың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақырады. Әрбір салттың терең тәрбиелік мәні бар. Мысалы, ақсақалдарымыз жастарға батасын береді. Жастарымыз үлкеннің алдын кесіп өтпейді, құрметін көрсетеді, ешкімнің ала жібін аттамайды. Халқымыз қашанда қыз баланы сыйлап, қадірлеген. Мұның бәрі дәстүрлі ислам құндылықтарымен тығыз үндеседі. Осыны жастарға түсіндіру қажет. Жұрттың діни сауатын арттыру керек. Азаматтарымыз шынайы исламның құндылықтарын білуге тиіс. Сол құндылықтарды халық арасында түсіндіріп, дәріптеу қажет. Әсіресе өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, санасы сергек ұрпақ ұлтқа адал қызмет етеді.

Сонымен қатар, ел басшысы мәдениетімізге, ұлттық киімімізге тоқталды.

"Хакім Абай "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" дегенін білесіздер. Ұлы Абайдың бұл сөзі ұлт ұстанымына айналды. Біз ұлттық мәдениетті дамытуымыз керек. Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамәмында я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты", - дейді Президент.

photo

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы барша Қазақстан халқына амандық, бақ-береке тіледі.

"Бәріміз де – мұсылман баласымыз. Хақ дініміздің құндылықтарын білеміз. Оны сақтауға, өмірлік ұстаным етуге тырысамыз. Қазіргі жаһандық ахуалды баршаңыз көріп отырсыздар. Бұл ахуал аса күрделі, тіпті қауіпті десек қателеспейміз. Сын-қатерлер өте көп. Мейірімділік, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттер жетіспей жатыр. Адамзат үшін өте қауіпті бұл үрдісті тоқтатуға бәріміз күш салуымыз керек. Ол үшін осы асыл қасиеттерді әрқайсымыз жүрегімізде сақтауымыз қажет деп санаймын. Сондай-ақ оны күнделікті іс-әрекетпен, көркем мінезбен көрсеткен абзал. Меніңше әр мұсылман үшін қасиетті Рамазан айының мән-маңызы – осында. Баршаңызға амандық тілеймін! Еліміздің береке-бірлігі арта берсін! Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!", - деп тілегін білдірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

photophoto

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу