Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Президент өкілеттік мерзіміне қатысты көптен бері талқыланып келген мәселеге Конституциялық соттың шешімі нүкте қойғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қараша айында екінші конституциялық реформадан кейін бір реттік жеті жылдық мерзімге сайланған болатын.
Алайда кейін қолданыстағы Конституция нормаларына байланысты құқықтық түсінбеушілік туындады. Бұрынғы редакцияға сәйкес кезекті Президент сайлауы 2028 жылдың желтоқсанында өтуі тиіс еді. Бұл іс жүзінде жеті жылдық мерзімнің аяқталуына бір жылға жуық уақыт қалғанда сайлау өткізуді талап ететін.
Кейін жаңа Конституция қабылданып, бұл нормалар өзгертілді. Дегенмен жаңа Конституция саяси институттардың жаңаруына байланысты Президенттің өкілеттік мерзімін қайта есептеуді талап ете ме деген сұрақ ашық күйінде қалды. Себебі Конституция мәтінінде бұл мәселеге қатысты нақты норма қарастырылмаған.
Жалпыхалықтық референдум өткен күні журналистерге арналған брифингте Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті президент сайлауы 2029 жылы өтетінін айтқан еді.
Соған қарамастан құқықтық тұрғыдан бұл мәселені нақтылау қажеттілігі туындап, Мемлекет басшысы Конституциялық сотқа жүгінді.
Конституциялық сот өз шешімінде жаңа Конституцияның қабылдануы бұрынғы Конституция негізінде қабылданған шешімдер мен құқықтық нормалардың мерзімін автоматты түрде ұзартпайтынын түсіндірді.
Саясаттанушының пікірінше, бұл қадам арқылы Ақорда бірнеше жылдан бері қоғамдық-саяси күн тәртібінде тұрған мәселені құқықтық жолмен шешіп қана қоймай, ішкі және сыртқы саяси ойыншыларға маңызды белгі берді. Яғни еліміздегі саяси процестердің құқық үстемдігі мен ұлттық мүдде қағидаттарына сүйеніп жүзеге асатыны көрсетілді.
Осылайша, Президенттің бір реттік жеті жылдық өкілеттік мерзімі сақталады және ол сайлау өткен күннен бастап есептеледі.
Сонымен қатар Конституцияға сәйкес президенттік және парламенттік сайлауды бір мезгілде өткізуге тыйым салынған. Бұл жағдай президент сайлауының мерзімі күз мезгіліне сәйкес келуі мүмкін екенін білдіреді.
Данияр Әшімбаевтың айтуынша, бұл жерде сөз Мемлекет басшысының сайлауға қатысу міндеті туралы емес, оның заң жүзіндегі құқығы туралы болып отыр. Бұған дейін Президенттің өзі де кезекті сайлау 2029 жылы өтетінін мәлімдеген. Дегенмен, саясаттанушының пікірінше, Мемлекет басшысы да заң талаптарына бағынады, ал Конституциялық соттың шешімі Ата заң нормаларының ресми түсіндірмесі болып саналады.