Ақпан айында Электрондық еңбек биржасында 99 мың бос жұмыс орны жарияланды

125

Көш бастап тұрған – білім беру саласы, мұнда 26,9 мың бос жұмыс орны жарияланған. 

Ақпан айында Электрондық еңбек биржасында 99 мың бос жұмыс орны жарияланды Фото: inbusiness.kz

2026 жылғы ақпанда Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 99 мың бос жұмыс орнын жариялады, ал жұмыс іздеушілер 124,9 мың түйіндеме орналастырды. Қаңтар айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 3,7%-ға (-3,7 мың) азайды. Ал жарияланған түйіндемелер саны бұдан да айтарлықтай – 23,1% (-37,5 мың) қысқарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, салалық құрылымда сұраныстың ең үлкен бөлігі дәстүрлі түрде әлеуметтік сала мен қызмет көрсету секторына тиесілі. Көш бастап тұрған – білім беру саласы, мұнда 26,9 мың бос жұмыс орны жарияланған. Сондай-ақ өзге де қызмет түрлеріне – 14,6 мың, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 9,4 мың, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде – 8,6 мың бос жұмыс орнына елеулі сұраныс байқалады. Жалпы алғанда, осы бағыттар еңбек күшіне деген сұраныстың негізгі бөлігін қалыптастырады.

Бос жұмыс орындарының біліктілік құрылымында орта біліктілікті талап ететін жұмыс орындары басым – олар барлық вакансияның 44,2%-ы. Жоғары білікті мамандарға арналған жұмыс орындарының үлесі 34,4% болса, біліктілікті талап етпейтін еңбекке сұраныс 21,4%-ға жетеді.

Өңірлік бөліністе ең көп бос жұмыс орны Павлодар облысында – 8,1 мың, Астана қаласында – 7,8 мың, Түркістан облысында – 7,4 мың, Қарағанды облысында – 6,6 мың және Алматы қаласында – 6,3 мың вакансия тіркелді.

Еңбек ұсынысы жағынан жұмыс іздеуде Түркістан облысының тұрғындары белсенділік танытты: 16,8 мың түйіндеме (13,4%). Сондай-ақ Астана қаласында – 10,2 мың (8,2%), Алматы облысында – 9,5 мың (7,6%) және Алматы қаласында 9,2 мың (7,4%) түйіндеме жарияланды.

Жас құрылымында жұмыс іздеушілердің ең белсенді тобы – 35 жасқа дейінгі жастар, олардың үлесіне барлық түйіндеменің 42,3%-ы тиесілі. 35–44 жас аралығындағы үміткерлер – 26,7%, 45–54 жас аралығындағылар – 19,8%, ал 55 жастан асқандар – 11,2%.

Гендерлік құрылымда әйелдердің үлесі біршама басым: олар барлық түйіндеменің 54,6%-ы, ал ерлердің үлесі – 45,4%.

Біліктілік деңгейі бойынша жұмыс іздеушілер арасында орта білімді мамандар барлық түйіндеменің 41%-ы. Жоғары білікті мамандар шамамен 31%-ды құраса, біліктілігі жоқ жұмысшылардың үлесі 28%-ға жетеді.

Ақпан айында жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақы мұнай және газ кен орындарын игеру жөніндегі инженер-әзірлеуші лауазымында (шамамен 3,6 млн теңге), құрылыс саласындағы жобаның бас технологы (шамамен 2,8 млн теңге), сондай-ақ материалтану технигі (шамамен 2,2 млн теңге) бойынша тіркелді.

Жұмыс іздеушілер тарапынан ең жоғары жалақы күтілімдері ұшқыштарда (шамамен 3,3 млн теңге), инвестициялық жобалар жөніндегі директорларда (шамамен 2,1 млн теңге), сондай-ақ оқу курстарын әзірлеушілерде (шамамен 2 млн теңге) байқалды.

Жалпы алғанда, ақпан айында Enbek.kz Электрондық еңбек биржасындағы еңбек нарығы жыл басымен салыстырғанда белсенділіктің біршама төмендеуімен сипатталды. Дегенмен сұраныс құрылымы тұрақты: жұмыс берушілердің негізгі қажеттілігі әлеуметтік салада, қызмет көрсету секторында және жұмысшы мамандықтарында шоғырланған. Ал еңбек ұсынысы жағынан елдің оңтүстік өңірлерінен келген жұмыс іздеушілер мен жастардың жоғары белсенділігі сақталып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу