Ақпан айында сатылған ТОП-5 автокөлік бренді белгілі болды

Бұл туралы Қазақстанның автокөлік одағы ресми сайтында жазды.

Ақпан айында сатылған ТОП-5 автокөлік бренді белгілі болды Фото: myseldon.com

2026 жылдың ақпанында Қазақстан аумағындағы ресми дилерлер 13399 жаңа жеңіл және коммерциялық автомобиль сатқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Қазақстанның Автокөлік Одағы" (ҚАО) дерегінше, бұл – былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16,1% төмен көрсеткіш. Екі ай қорытындысы бойынша 27643 автомобиль өткен, бұл былтырғы ұқсас кезеңге қарағанда 1,5% көп. 

– Ақпанда сауда көлемі кемігенмен, алғашқы екі айдың қорытындысы бойынша елдегі жаңа автокөліктер нарығы оң динамиканы сақтап тұр. Қыстың соңғы айында ең танымал модельдер тізіміне енген барлық көлік Қазақстанда жасалған. Бұл тұрғындардың отандық автоөнеркәсіп өніміне сенімі жоғары екенін растайды, – дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.

Ақпанда көптеп өткен 10 бренд арасында Hyundai (2768 бірлік) жеңімпаз атанды. Kia әлі де екінші орында (2402). 1975 иесін тапқан Chevrolet үшінші қатарға тұрақтады (-5%). Одан кейінгі орындарда Chery (1043), Jetour (808), Changan (748), Haval (535), Geely (403), Jac (357) және Toyota (288) тұр.

Алғашқы ондыққа кірмеген брендтердің ішінде BYD кәдімгідей жақсы нәтижеге қол жеткізді. Мысалы, ақпанда дилерлер 268 гибрид пен электромобильдің кілтін тапсырған, бұл бір жыл бұрынғыдан 793,3%-ға көп. Нарыққа жаңа шыққан Geely Galaxy-ді де атап өткен жөн, алдыңғы айда "жаңа энергиямен" жүретіндерін қосқанда, 125 автомобиль сатылды.

Ақпанда саудасы қызған модельдер қатарында Chevrolet Cobalt көш бастады (1761). Екінші жүлде Hyundai Tucson-ға бұйырса (1744), үшінші сатыға Kia Sportage (1278) орналасты. 

Былтыр "2026 жылы жаңа көліктердің бағасы қалай құбылады?" деген тақырыпта материал жариялаған едік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу