АҚШ астанасында коменданттық сағат енгізілді

892

Вашингтондағы жаппай тәртіпсіздікке байланысты қала мэрі Муриэл Баузер коменданттық сағат жариялады.

АҚШ астанасында коменданттық сағат енгізілді

CNN телеканалының хабарлауынша, коменданттық сағат сәрсенбі күні 18.00-ден бейсенбі 06.00-ге дейін жалғасқан.

6 қаңтар күні АҚШ конгресі 2020 жылғы президент сайлауының қорытындысын шығару үшін жиналған болатын. Бұл сайлауда басым дауыспен демократтар партиясының өкілі Джо Байден жеңіске жеткені белгілі. Алайда Дональд Трамп сайлау "әділетсіз өтті" деп, оның нәтижесін мойындаудан бас тартты.

Вашингтонда мыңдаған адамның алдында сөз сөйлеген ол "жеңілгенін ешқашан мойындамайтынын" айта келе, өзінің жақтастарын Капитолий ғимаратына барып, наразылық білдіруге шақырды. Осылайша, наразылық акциясы басталып, Трамп жақтастарының бір тобы Конгресс ғимаратына басып кіріп, президент сайлауының нәтижесін куәландыруға тиіс отырысты тоқтатып тастайды.

"Біз ешқашан берілмейміз және жеңілмейміз" деп ұран тастаған АҚШ президенті кейін тұрғындарды бейбіт әрекет етуге шақырды. Бірақ әбден есірген топ Капитолий қоршауын бұзып кіріп, полициялармен қақтығысты. Ал қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қарулы күш жоғары лауазымды конгресмендерді Вашингтондағы әскери базаға оқшаулауға мәжбүр болды.

"Конгресс қорытындысында бәрібір Джо Байден жеңіске жетеді деп күтілуде. Министрлер кабинетінің кейбір мүшелері АҚШ конституциясына 25-рет түзету енгізіп, Дональд Трамптың президенттік өкілеттілігін мәжбүрлі түрде тоқтату жайын талқылап жатыр. Пікір-талас әлі де жалғасуда. Бірақ Трампты биліктен кетіру үшін министрлердің дауысы жеткілікті бола ма, жоқ па, белгісіз" деп жазады CNN.

Қымбат Нұрғали

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу