Ақ үй әкімшілігі ауғандарды АҚШ-қа көшірумен айналысатын мемлекеттік департамент бөлімін қысқартып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
The Washington Post басылымының хабарлауынша, Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ-қа көшуге ниетті 250 мыңнан астам ауған азаматына көмек көрсетуге арналған бағдарламаларды қысқартуды жоспарлап отыр.
Енді кезінде АҚШ-қа көмектескен ауған азаматтары елге қайтарыламыз ба деген үреймен отыр. Себебі олар Талибанның қысымына ұшырауымыз мүмкін деп алаңдайды.
Ақ үй Трамп әкімшілігінің америкалық әскерилерге көмектескен ауғандардың тағдырына бей-жай қарайды деген ақпаратты теріске шығарды.
Жақында АҚШ президенті репатриация қаупі төніп тұрған БАӘ-дегі ауғандарды "құтқаруға күш салатынын" жазған болатын.
2021 жылдың тамыз айында Талибан Ауғанстандағы ірі қалаларды, соның ішінде ел астанасы Кабулға басып кірді. Осы жағдайдан кейін АҚШ өз әскерін Ауғанстаннан шығаруға мәжбүр болды. Салдарынан елден кеткісі келген ауған азаматтарын эвакуациялау мүмкін болмай қалды.