Бір ғана мысал, жыл басынан бері Америка құрлығында 58 мыңнан астам адам инфекция жұқтырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Соның салдарынан 82 адам жан тапсырды. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтар қызметі жазып отыр.
Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2026 жылдың 13 қарашасына дейін өңірде қызылшаның 58 213 расталған жағдайы тіркелген. Ал былтыр осы кезеңде 12 806 науқас анықталған. Осылайша, бір жылда ауру жұқтырғандар саны төрт еседен астам артқан.
Бұған дейін Солтүстік және Оңтүстік Америка қызылшаны жойған әлемдегі алғашқы өңір саналған. Десе де, 2025 жылдың қарашасында Канада инфекцияның тұрақты таралуына байланысты бұл мәртебесінен айырылды. Кейін Боливия, Мексика және АҚШ та қызылшаны жойған мемлекеттер тізімінен шығарылды.
Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымының директоры Жарбас Барбоза аурудың қайта таралуы қоғамдық денсаулыққа үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. Оның сөзінше, қызылшаның алдын алу үшін вакцинацияны уақытылы жүргізіп, эпидемиологиялық бақылауды күшейту қажет.
Жаза кетейік, қызылша өте жұқпалы вирустық ауру саналады. Бір науқас инфекцияны орта есеппен 18 адамға жұқтыруы мүмкін. Ауру пневмония, мидың қабынуы және соқырлық секілді ауыр асқынуларға әкелуі ықтимал.