АҚШ БҰҰ-на 1,8 миллиард доллар бөледі

58

АҚШ Біріккен ұлттыр ұйымының гуманитарлық жобаларына осыншам сома бөліп отыр.  

АҚШ БҰҰ-на 1,8 миллиард доллар бөледі Фото: shutterstock.com

Бұл туралы АҚШ-тың ұйым жанындағы тұрақты өкілі Майк Уолтц  мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Майк Уолтцтың айтуынша, бұл шешім БҰҰ-ның қаржылық қиындықтарына байланысты қабылданған. Қазіргі уақытта ұйым кейбір елдердің мүшелік жарналарды уақытында төлемеуінен бюджет тапшылығын кешіп отыр. Сонымен қатар, АҚШ ұйымның ең ірі доноры болғанымен, оның да төленбеген жарналары бар.

"Біз гуманитарлық қаржыландыруға қосымша 1,8 миллиард доллар бөлінетінін қуана хабарлаймыз", – деді Уолтц журналистерге арналған брифингте.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш бұл шешімді құптады. БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы таратқан мәлімдемеге сәйкес, бұл міндеттеме гуманитарлық ұйымдарға өткір дағдарыс жағдайындағы миллиондаған адамға аса қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

БҰҰ-ның төтенше көмек жөніндегі үйлестірушісі Том Флетчер де Бас хатшының мәлімдемесін қолдап, АҚШ-тың жаңа жарнасы жаһандық қажеттіліктер күрт өсіп, ал қаржыландыру қысқарып жатқан кезеңде бөлініп отырғанын атап өтті.

"Бұл қолдау миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі", – деді ол.

Флетчердің сөзінше, өткен жылдың желтоқсанында жарияланған АҚШ-тың екі миллиард доллар көлеміндегі жарнасы "өте үлкен қысымға түскен жүйені тұрақтандырды". БҰҰ жедел әрекет етіп, 1,68 миллиард долларды 18 дағдарыс аймағындағы 22 миллион адамға "нақты қажеттіліктерге негізделген көмек" көрсетуге бағыттаған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу