АҚШ елге келетін туристердің әлеуметтік желілерін тексермек

532

Бүгінде үміткерлер ESTA анкетасын толтыру барысында негізгі жеке мәліметтерін ғана көрсетеді.

АҚШ елге келетін туристердің әлеуметтік желілерін тексермек Фото: Michael Dwyer/AP

АҚШ-қа визасыз кіре алатын 40 елдің туристері соңғы бес жылдағы әлеуметтік желідегі аккаунттарындағы жазбаларын көрсетуі мүмкін. Жаңа талап АҚШ-тың Кедендік және шекара қызметі жариялаған жаңа құжат жобасында бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

Ереже ESTA (Electronic System for Travel Authorization) формасын онлайн толтырып, оң жауап алған елдердің азаматтарына ғана қатысты қолданылмақ. Бұл визасыз кіру бағдарламасына қатысатын 42 елге қатысты. Атап айтқанда, Еуропадағы елдердің дені, Ұлыбритания, Аустралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Сингапур, Қатар, Тайвань, Оңтүстік Корея және т.б. ESTA-ның рұқсаты екі жылға жарамды, бір сапар кезінде онымен АҚШ-та 90 күнге дейін қалуға болады.

Ақ үй әкімшілігі осылайша иммиграцияны бақылауды күшейтпекші.

BBC хабарлауынша, америкалық виза алуға өтініш бергендер үшін әлеуметтік желідегі парақшаларындағы мәліметтерді тексеру ережесі биылғы мамырдың соңында енгізілген болатын. Кейбір сарапшылар бұл бастама туристердің цифрлық құқықтарын шектеуі мүмкін деген пікірде.

Құжатта шетелдіктерден ESTA жүйесі арқылы өтініш берген кезде соңғы бес жылдағы әлеуметтік желідегі аккаунттарын көрсетуі тиіс екені жазылған. Бұдан бөлек үміткерден соңғы бес жылда қолданған телефон нөмірлерін және соңғы он жылда пайдаланған электрондық пошта мекенжайларын талап ету де ұсынылып отыр.

Бүгінгі таңда үміткерлер ESTA анкетасын толтыру барысында негізгі жеке мәліметтерін толтырады. Сондай-ақ, 40 доллар көлемінде жарна төлейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу