Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Марк Рубио мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты "Синьхуа" агенттігіне сілтеме жасап.
"Біз Оңтүстік Африкада өтетін биылғы G20-ға Сыртқы істер министрлігі деңгейінде де, Президент деңгейінде де қатыспау туралы шешім қабылдадық. Көбінесе олардың күн тәртібіне қойған мәселелері және біздің ойымызша, бұл әкімшіліктің басымдықтарын көрсетпейтінімен байланысты", – деді Марк Рубио Сенаттың Сыртқы байланыстар комитетінің тыңдауында.
Өйткені, Құрама Штаттар билігі Оңтүстік Африка Республикасының басшылығымен тіл табыса алмай отыр. Оңтүстік Африка Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының қарым-қатынасы Оңтүстік Африка президенті Сирил Рамафоса қаңтарда экспроприация туралы заңға қол қойғаннан кейін нашарлады. Наурызда Америка Құрама Штаттары Оңтүстік Африканың сол кездегі елшісі Эбрахим Расулды елден шығарып, олардың қарым-қатынасын одан әрі шиеленістірді.
Сондай-ақ форумның күн тәртібінде де келіспейтін тұстары бар. Рубио қайшылықты жайттар қатарында адам құқығы, азық-түлік қауіпсіздігі, теңсіздік, инклюзия және тұрақты дамудағы олқылықтарды атап өтті.
Ал, Дональд Трамп наурыз айында "Адам құқықтарын бұзып жатыр" деген желеумен Оңтүстік Африка Республикасына қаржылай көмек беруді мүлдем тоқтатты.