АҚШ Украинадан Донбастың толық Ресейге берілуін талап етіп жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігіне берген сұхбатында Владимир Зеленский айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
"Америкалықтар Украина Донбастан әскерін шығаруға дайын болғанда ғана жоғары деңгейде қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынуға әзір", – деді Владимир Зеленский.
Оның айтуынша, Ақ үй басшысы Дональд Трамп соғысты тез аяқтауды талап етіп отыр. Бұл Ирандағы ахуалмен байланысты.
"Таяу Шығыстағы ахуал Трампқа және оның алдағы шешімдеріне әсер етіп отыр", – деді Украина басшысы.
Зеленскийдің пікірінше, АҚШ президенті Киевке қысымды күшейту стратегиясын жалғастырып келеді. Ол Украина Қарулы күштерінің Донбастан толық шығуы Киевтің ғана емес, Еуропаның қауіпсіздігіне де қатер төндіруі мүмкін деп алаңдап отыр. Себебі аймақтағы мықты қорғаныс шептері Ресейдің бақылауына өтуі мүмкін.
Қаңтарда Владимир Зеленский Украина мен АҚШ арасындағы қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі құжат толық дайын екенін мәлімдеген еді. 24 наурыз күні Майамиде өткен екі ел делегацияларының келіссөздерінен кейін тиісті келісімнің пысықтауды қажет ететіні белгілі болды.