АҚШ Мемлекеттік департаменті Сауд Арабиясындағы америкалық дипломатиялық миссияның кейбір қызметкерлеріне елден кетуге шақырды. Бұйрыққа сәйкес, бұл нұсқаулық төтенше жағдайлармен айналыспайтын қызметкерлерге және елшілік қызметкерлерінің отбасыларына арналған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Deutsche Welle агенттігіне сілтеме жасап.
Бірнеше күн бұрын осы топқа жататын адамдарға Сауд Арабиясынан ерікті түрде кетуге рұқсат берілген болатын.
Сонымен қатар мемлекеттік департамент АҚШ азаматтарын Сауд Арабиясына жоспарланған сапарды қайта қарауға шақырып отыр. Олар "Иран дрондары мен зымырандарының америкалық мүдделерге соққы беру қаупі, қарулы қақтығыс, лаңкестік, шығуға тыйым салулар және әлеуметтік желідегі белсенділікті реттейтін жергілікті заңдар" сияқты қауіптерге назар аударуды ескерткен.
3 наурызда Эр-Риядтағы АҚШ елшілігіне екі дронмен шабуыл жасалды. Сауд Арабиясының Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, оқиға орнында өрт шықты. Десек те, келген материалдық шығын көлемі аз деп бағаланған.
The Washington Post газетінің мәліметінше, ғимаратқа айтарлықтай зақым келген. Шатырдың бір бөлігі опырылып, ішкі бөлмелерде өрт өршіген.
Америкалықтарға дереу қауіпсіз жерге орналасып, дипломатиялық миссияға бармауға кеңес берілді. Сауд Арабиясынан бөлек, Бахрейн, Кувейт және Бағдадтағы АҚШ елшіліктеріне де шабуыл жасалған.