Жаңа құрылым іске қосылса ішкі және халықаралық рейстерді өзге тасымалдаушылардың көмегінсіз орындауға мүмкіндік туады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі заңсыз мигранттарды депортациялау, шетел азаматтарының өз еркімен отанына оралуын ұйымдастыру, медициналық эвакуация және төтенше тапсырмаларды орындау үшін мемлекеттік әуе тобын құруды жоспарлап отыр.
Bloomberg-тің жазуынша, ведомство әуе паркін басқаратын, экипаждармен, техникалық қызмет көрсетумен, медициналық мамандармен қамтамасыз ететін әрі тәулік бойы жұмыс істейтін мердігерге іздеу салып жатыр.
Жоба талаптарына сәйкес, әуе тобы құрамында жеті Boeing 737-700 немесе соған ұқсас ұшақ және екі алыс қашықтыққа ұшатын Gulfstream G650ER/C-37B бизнес-джеті болуы тиіс.
Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәліметінше, жеке әуе паркі депортация рәсімдерін жеделдетіп, федералдық бюджетке жыл сайын шамамен 279 миллион доллар үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ АҚШ билігі жаңа әуе тобының орналасу нұсқаларын қарастырып жатыр. Оның ішінде бір орталық базаны пайдалану немесе ірі коммерциялық әуе компаниялары сияқты бірнеше әуежайдан тұратын желі құру мүмкіндігі бар.