АҚШ Иран кемелеріне, соның ішінде мина қою үшін қолданылған 16 катерге шабуыл жасады. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы Х әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін Иран Ормуз бұғазын миналауы мүмкін деген ақпарат таралған болатын. АҚШ президенті Дональд Трамп та Ормуз бұғазы маңында ирандық мина қоюға арналған кемелердің жойылғанын Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында растады. Ал CENTCOM катерлерге жасалған шабуыл бейнеленген видеоны жариялады.
Ормуз бұғазы – Таяу Шығыс елдерінен мұнай тасымалдауға арналған әлемдік экономиканың ең маңызды күретамыры. Израиль мен АҚШ-тың Иранға бастаған соғысынан бері бұл бұғаз іс жүзінде пайдаланылмай келеді. 28 ақпаннан бері бұғаз арқылы аман-есен өткен бір мұнай танкері туралы ғана белгілі.
10 наурыз күні таңертең Ислам революциясы сақшылар корпусы соғыс аяқталмайынша аймақтан қара алтын экспорттауға жол берілмейтінін ашып айтты. Бұл ретте өз аумағынан америкалық және израильдік дипломаттарды шығарып жіберген мемлекеттерге ғана жол ашылатыны белгілі болды.
Кейін АҚШ барлау дереккөздеріне сүйенген CBS News телеарнасы Иранның Ормуз бұғазын миналауға дайындалып жатқанын хабарлады. Ақ үй басшысы Дональд Трамп қарымта жауап "бұрын-соңды болмаған салдарларға" әкелуі мүмкін екенін ескертті.