Алматы қаласында АҚШ пен Еуропаға виза жасатып берем деп 330 млн теңгені қалтасына басқан алаяқ әйел қолға түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Зардап шеккендердің саны – 60.
Тергеу мәліметінше, күдікті ұзақ және қысқа мерзімді виза рәсімдеймін деп уәде беріп, азаматтарды сеніміне кірген. Қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін ол жәбірленушілермен жалған қарыз шарттарын жасаған және әрекетін азаматтық-құқықтық қатынас ретінде көрсетпек болған.
Қазір күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Оның іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі 4-бөлімі бойынша сараланып отыр.
Барлық жәбірленуші анықталып жатыр, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Прокуратура алаяқтық үшін мүлкі тәркілене отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.