Содан соң АҚШ Иранға мұнай сатуға берген уақытша рұқсатын да қайтарып алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қос елдің бір-біріне қайтадан соққы жасауы әлемдік мұнай нарығына әсер етіп, бағаның кезекті рет өсуін тіркеп отыр.
Бүгін таңертең Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 2,6%-ға қымбаттап, 76,09 долларға жеткен. Бұл – бір апта бұрынғы бағамен салыстырғанда шамамен 8,5%-ға жоғары көрсеткіш. Жаза кеткен жөн, шілде айының басында Brent бағасы 70 долларға дейін төмендеген болатын.
АҚШ тарапының мәліметінше, өткен түні Иран аумағындағы 80-нен аса нысанаға соққы жасалған. Бұған әлемдік мұнай тасымалының негізгі бағыттарының бірі саналатын Ормуз бұғазы маңында танкерлерге жасалған жаңа шабуылдар себеп болған.
Экипаж таратқан ақпаратқа сәйкес, сұйытылған табиғи газ тасымалдайтын катарлық Al-Rekayyat танкері айтарлықтай зақымданған. Қатар билігі бұл оқиға үшін жауапкершілікті Иранға жүктеп, халықаралық кеме қатынасы мен жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке төнген қатер туралы мәлімдеді.
Өз кезегінде Тегеран АҚШ-тың іс-әрекетін соғысты тоқтату жөніндегі негіздемелік келісімді "өрескел бұзу" деп бағалап, жауап қайтаруы мүмкін екенін жасырмады.
Ал Вашингтон Иран мұнайы, мұнай өнімдері мен мұнай-химия саласына қатысты жаңа мәмілелер жасауға қайтадан тыйым салатынын ескертті.