АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығыстарды тоқтатуды көздейтін негіздемелік келісімге Швейцария Альпісіндегі Бюргеншток курортында қол қойылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ведомство мәліметінше, келіссөз өтетін орын ретінде Бюргенштокты пәкістандық және катарлық делдалдармен қатар, АҚШ пен Иран өкілдері де таңдаған. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қолайлы болғандықтан, қолжетімі шектеулі қонақүй таңдалған.
AFP агенттігінің хабарлауынша, АҚШ пен Иран арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға цифрлық форматта қол қойылып қойған. Германияның Сыртқы істер министрі Иоганн Вадефуль қол жеткізілген келісімге қарамастан, Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздер әлі ұзақ уақыт жалғасады деп есептейді.
АҚШ президенті келісім Иранның ядролық қару жасау мүмкіндігін толық жоққа шығаратынын мәлімдеді. G7 саммиті барысында журналистерге берген сұхбатында Трамп құжатты АҚШ Конгресінің қарауына ұсынатынын айтты.
– Бұған дейін оны Конгреске ұсынуды ойлаған жоқпын. Бірақ енді ұсынамын. Бұл идея маған ұнайды, – деді Ақ үй басшысы.
14 маусымда АҚШ пен Иран бірнеше аптаға созылған келіссөздерден кейін соғысты тоқтату жөніндегі негіздемелік келісімге келген болатын.
Құжатта:
- Атысты тоқтату режимін ұзарту;
- Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта ашу;
- Иранның ядролық бағдарламасы бойынша қосымша келіссөздер жүргізу сияқты тармақтар қамтылған.
Дегенмен келісімнің толық мәтіні әзірге жарияланған жоқ.
Германия, Франция, Ұлыбритания және Италия Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіру бастамасын қолдауға дайын екендерін білдірді. Ал Вадефуль алдағы күндері еуропалық әріптестер мен Парсы шығанағы елдерінің өкілдерімен кездесу өтуі мүмкін екенін айтты.
Министрдің сөзінше, келісім туралы әртүрлі нұсқалар айтылуда: бір жерде 14 тармақтан тұрады делінсе, енді бірінде небәрі бір-екі бет қана екені айтылады.
– Алдымен құжатты оқып шығуымыз керек. Оның мазмұнын түсініп, оған қатысты сұрақтар қоюымыз қажет, – деді Германия сыртқы істер министрі.