Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ халқына үндеу тастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Риа Новости" басылымына сілтеме жасап.
"Иран халқы өзге халықтарға, соның ішінде Америка, Еуропа немесе көрші елдердің тұрғындарына қарсы дұшпандық көзқараста емес. Иран халқы өз тарихында шетелдік тараптан араласулар мен қысымдар болған бірнеше жағдайдың өзінде үкіметтер мен қарапайым халықтың ара-жігін әрдайым айқын ажыратып отырды", – делінген Пезешкианның америкалықтарға жолдаған ашық хатында.
Масуд Пезешкианның сөзінше, Тегеранды қауіп-қатер көзі ретінде көрсетуге тырысу тарихи шындыққа да, қазіргі фактілерге де жат. Ол осындай көзқарастың "әлемдегі ықпалды күштердің" саяси әрі экономикалық мүдделерінің нәтижесі деп отыр.
"Қазір әлем екіұдай күйде тұр. Қақтығыс жолын жалғастыру бұрынғыдан да қымбат әрі тиімсіз. Қақтығыс пен өзара іс-қимыл арасындағы таңдаудың нәтижесі болашақ ұрпақтың тағдырын белгілейді", – делінген үндеуде.
ТАСС агенттігінің жазуынша, Пезешкиан АҚШ күштерінің Ирандағы өмірлік маңызы бар нысандарды атқылауы әскери қылмыс болып саналады. Оның пікірінше, Вашингтон "бұл соғысқа Израильдің қолшоқпары ретінде араласты".
"Израиль "Ираннан қауіп төнді" деп сылтауратып, әлемнің назарын палестиналықтарға қарсы әрекеттерден бұрғысы келеді", – деді Иран президенті.
Пезешкиан Израильдің "өз қателіктерінің ауыртпашылығын Иранға, аймаққа әрі АҚШ-қа артып қойғысы келетінін" айтты.