АҚШ-та ер адамдар ботоксқа жұмсайтын шығындар бойынша әйелдерді басып озды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Wall Street Journal басылымының жазуынша, бұл туралы Guidepoint Qsight талдау компаниясының эстетикалық медицина бағыты жөніндегі аға вице-президенті Эрика Шейн айтқан.
"Әдетте, ерлерге ботокстың немесе кез келген басқа нейротоксиннің көбірек мөлшері қажет, өйткені оларда өңделетін беткі аумақ үлкенірек әрі маңдай бұлшықеттері күштірек болып келеді", – деді сала маманы.
Эстетикалық медицина нарығы туралы деректерді жинайтын Guidepoint Qsight есебіне сәйкес, 2026 жылдың үшінші тоқсанында АҚШ-тағы ер адамдар ботокстың бір процедурасына орта есеппен 529 доллар жұмсаған. Бұл – соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ал әйелдердің жұмсаған орташа шығыны 455 доллар болған.
Есепте ерлердің нақты қай аймақтарға инъекция жасатқаны айтылмаған. 2022 жылы олар инъекция үшін әйелдерге қарағанда 19,6%-ға артық төлеген еді. Кейінгі жылдары бұл айырмашылық қысқарғанымен, жақында қайтадан өсе бастады.
Шейннің сөзінше, ерлер де, әйелдер де инъекцияны шамамен төрт айда бір рет жасатады. Бұл ретте ер адамдар эстетикалық медицинаға айтарлықтай қызығушылық танытып отыр. Олар ботокстан бөлек, шаш жасату және дене пішінін түзету үшін де жүгінеді. WSJ атап өткендей, эстетикалық медицинаға көбінесе X ұрпағы өкілдері мен миллениалдар жүгінеді.