АҚШ-тың Иммиграция және кеден полициясының қызметкері (ICE) Миннесота штатындағы Миннеаполис қаласында әйел адамды атып өлтірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, әйел адам ICE патрулінің көлігін күшпен соғуға тырысқан. ICE қаза тапқан әйелдің әрекетін ішкі терроризм актісі деп сипаттады. Олар патруль өзін-өзі қорғамақ болды деп отыр. Оқиға Иммиграция және кеден полициясының қызметіне қарсы наразылық акциясы кезінде болған.
"ICE қызметкері өзінің, әріптестерінің өміріне және халықтың қауіпсіздігіне қатер төнгендіктен, өзін-өзі қорғау мақсатында оқ атты", – деп хабарлады Ішкі қауіпсіздік министрлігі.
CBS телеарнасының хабарлауынша, оқиға салдарынан 37 жастағы ақын Рене Гуд қаза тапты. Ол АҚШ азаматы болған. Бұл ретте Миннеаполис мэрі Джейкоб Фрей федералдық биліктің мәлімдемесін сынға алды. Ішкі қауіпсіздік министрлігі ICE қызметкерлерінің арасында жарақат алғандар бар екенін хабарлады.
Миннеаполис полициясының дерегінше, әйел адам көлік ішінде отырған. Оның көлігі қозғалысты жауып тұрған. ICE қызметкері оған жақын келген кезде көлік қозғалып, кем дегенде екі рет оқ атылды.