Иллинойс штатында тұратын 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың із-түзсіз жоғалғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ведомствоның мәліметінше, Ол Чикаго маңындағы Форд-Хайтс ауданында тұрған. Қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен байланыс орнатып, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
"Нью-Йорктегі Бас консулдығымыз азаматтың туыстарымен де тұрақты байланыста. Жағдай ҚР Сыртқы істер министрлігінің бақылауында", – деп хабарлады ҚР СІМ.
Туыстарының айтуынша, Әсет Құралбай соңғы рет 2 маусым күні байланысқа шыққан. Ал 7 маусымнан бері оның телефоны қолжетімсіз болып қалған. Жақындарының сөзінше, оның жеке құжаттары мен банк карталары үйінде қалған.
Іздеу жұмыстары барысында 10 маусым күні полиция жігіттің жеке көлігін – Toyota Camry автокөлігін тауып алған. Алайда Әсеттің өзі әлі күнге дейін табылмай отыр.