АҚШ-тың Денвер қаласынан Канаданың Эдмонтон шаһарына бағыт алған ұшақтың қозғалтқышына қоян кіріп кетіп, өрт шықты. Салдарынан әуе кемесі шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.
"United Airlines әуе компаниясы ұшағының қозғалтқышы ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай отқа оранды, себебі борт қоянмен соқтығысқан", - делінген хабарламада.
Boeing 737-800 ішінде 153 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған.
Ақпаратқа сәйкес, өрт әуе кемесі Денвер әуежайынан ұшып шыққан кезде басталған. Ұшқыштар әуежайға оралу туралы шешім қабылдады. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, барлық жолаушы Канадаға басқа рейспен жеткізілді.
АҚШ федералды авиация басқармасының мәліметінше, жануарлардың ұшақ турбинасы маңайында жақын болуы олардың қозғалтқышқа кіріп кетуіне әкеліп, соңы өртке ұласуы мүмкін. Десек те, мұндай жағдайлар көп кездеспейтін көрінеді. Былтыр АҚШ-та жануарлардың қозғалтқыштарға кіріп кетуінің 20 мыңнан астам оқиғасы болған. Соның төртеуінде ғана қояндар ұшақ турбиналарына түскен.