Жаңа коронавирус пандемиясына байланысты Құрама Штаттардың қаржы реттеушісі негізгі пайыздық мөлшерлемені қысқарту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Ресми дерек бойынша, мөлшерлеме 0-0,25 пайызға дейін төмендетілген.
3 наурызда Федералды қор жүйесі бұл көрсеткішті 1,5-,175 пайыздан 1-1,25 пайызға дейін түсірген болатын.
Қаржы ұйымы өкілдерінің айтуынша, жаңа коронавирус пандемиясы бірқатар елдің экономикасына шығын келтірген. АҚШ та індеттен зардап шегіп отыр. Пандемия салдары алдағы уақытта экономиканы бәсеңдеуі мүмкін.
Федералды қор жүйесі мұндай қадамға бара отырып, тауар бағаларының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және инфляцияны болдырмауға уәде берді. Ақ үй басшысы Дональд Трамп реттеушінің бұл шешімін қолдады. Өйткені ол бұған дейін де мөлшерлемені төмендетуді талап етіп келген болатын.
Еске сала кетсек, өткен аптада америкалық қор нарығындағы индекстер соңғы 30 жылдағы ең төмен деңгейге дейін құлдыраған еді. Бұған Трамптың еуропалықтардың АҚШ-қа келуіне 30 күндік тыйым енізуі мен басқа да факторлар әсер етті.
Табиғат Нұрболат